Ақтөбеде полиция наразылардың жиналуына мүмкіндік бермеді

Азаттықтың аймақтағы тілшісінің хабарлауынша, Ақтөбеде полиция түстен кейін наразылардың орталық стадионға (Әблязов “митинг орны“ деп белгілеген) жиналуына мүмкіндік бермей, келгендерін бір-бірден әкетіп отырған. Күндізгі сағат 14:00 шамасында (Нұр-Сұлтан уақытымен түскі сағат 3:00) Азаттық тілшісі 10-нан астам адамның ұсталғанына куә болды. Наразылар пікірлерін айтып та үлгермеген. Ақтөбе полициясы оқиғаға түсініктеме бермеді. Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Оған 5 партия қатысып жатыр, бірақ арасында оппозициялық партия жоқ. Заң бойынша, сайлауға ресми тіркелген саяси партиялар ғана қатыса алады. Саяси сарапшылар билік “оппозициялық алаңды тұтас тазартты, белсенділерді қудалады“ деп санайды.