Алматы облысының волонтерлері биыл 24 мыңнан аса отбасыға көмек көрсеткен.

Алматы облысының волонтерлері биыл 24 мыңнан аса отбасыға көмек көрсеткен. Еріктілер мұқтаж жандарға азық-түлік және антисептикалық заттарды таратып қана қоймай, жалғызілікті қарттарға, көп балалы отбасыларға қолғабыс етіп келеді. Тіпті әскери жиынға өз еркімен барып, ел қауіпсіздігі үшін қайта сапқа тұрғандар да бар. Өңірде 2 мыңнан аса волонтер бар. Олардың қайырымдылық шарасы төтенше жағдай енгізілгелі бері бір сәтке де тоқтаған емес. Қазірдің өзінде еріктілердің бірі дәрігерлерге ақысыз такси қызметін ұсынса, кәсіпкерлер жағы 60 медицина қызметкерін тегін тамақтандырып отыр. Көпшіліктің көмегіне арқа сүйеген қоғам белсенділері енді науқасты оттегімен қамтассыз ететін құрылғы сатып алып, ауруханаға табыс етпек. Міне, осылайша, жетісулықтар жалпыға төнген қауіппен жұрт болып жұмыла күресіп жатыр.