Turkistan

Қазақстан Президенті өзінің жарлығында Түркістан облысы қандай мақсатта құрылғандығын айқындап, Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде жан-жақты дамытудың аса қажеттілігін анық атап көрсеткен. Осынау жасампаз жаңалық, мән-маңызы зор оқиға қарашаңырақ иесі қазақ халқының, күллі қазақстандықтардың бабалар аманатына адалдығынан, Елбасының ерендігінен, келешекті көре білген кемеңгерлігінен туындап отыр. Түркістан ұғымы – ұлы ұғым. Түркістан дегенде бүкіл түркі әлемі, Түркі қағанаты, түркілік тегіміз, түркілік түбіріміз, түркілік тамырымыз ойға оралады. Жадымызды жаңғыртады. Баршамыздың бойымызды серпіліс сезімі кернеп, рухымыз асқақтайды. Түркістан деген сөз жаңғыруға, жаңаруға шақырады. Міне, сондықтан да Түркістан облысының құрылуы, Түркістан шаһарының үлкен уәлаят орталығына айналуы – түгел түркінің рухын биіктететін бірегей қуаныш.