Белсенді Дулат Ағаділ босап шықты

Босап шығуына бір күн қалғанда изолятордан қашып шығып, кейінірек қайта қамалған белсенді Дулат Ағаділ 26 қарашада таңертеңгі сағат шамасында бостандыққа шықты. Белсендінің Ақмола облысы Ақмол кентіндегі уақытша қамау орнынан шыққан сәтіне Азаттық тілшісі де куә болды. Ағаділдің айтуынша, ол өтеуі тиіс жазаның барлығын өтеп шыққан. Өткен аптада белсендінің жақтастары оны 21 қарашада босатады деп уақытша қамау изоляторына қарсы алуға барған кезде қамау орны қызметкері Ағаділдің 18 қараша күнгі сот шешімі бойынша тағы бес күн қамауда болатынын айтып, босатпаған еді. 42 жастағы Дулат Ағаділ азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтардың сақталуын талап етіп жүрген белсенді ретінде танымал. Ол билікке наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда болған. Соңғы рет қарашаның 4-і күні Ақмол кентінде “сотқа апармақ болған полицияның заңды талабына бағынбаған“ деген айып тағылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған еді.